Басты бет » Әдебиет » Поэзия » Тілеуберді Сахабаның өлеңдерінен…

Тілеуберді Сахабаның өлеңдерінен…

Сахаба Тілеуберді 1986 жылы Монғолия Республикасы, Хобда аймағында дүниеге келген, 2005 жылы Қазақстан Республикасы Павлодар облысына қоныс аударған. 2011 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Филология, журналистика және өнер факультетін журналистика мамандығы бойынша бітірген. Қазақста Республикасының 20 жылдық және орталық «Мәшһүр-Жүсіп» мешітінің 10 жылдығына орай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас…» облыстық діни мүшайрасының ІІІ орын иегері; 2012 жылы мамыр айында Екібастұз қаласының 55 жылдығына орай «Шабытымның асқары Екібастұз» атты облыстық жазба ақындар мүшайрасының ІІІ орын иегері; Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының 20 жылдығына орай өткен жас ақындар мүшайрасының І орын иегері, тележурналис
2011 жылы «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына» орай шығарылған «Ертіс толқыны» атты жинаққа өлеңдері енген.

Көш
Іздері өшкен жоқ түздегі көкбелде,
Жүздері сынықтау, өкпелі өткенге.
Біздегі жұбаныш, боз ала таңда елең,
Көш кетті шұбырып құс келген көктемде.

Әжемнің ақ моншақ жасына көміліп,
Атамнан ақ бата сұрағам.
Кетерде ең алғаш көш жүріп,
Егіліп бір рет жылағам.
Қиясың, қию да қиын-ау,
Ақ сүтін анамның татқан жер
Бабамның бабасы жатқан жер.
Жабағы жалына жармасып,
Тай мініп шапқан жер.

Белдеуде ақ бозы байлаулы
әкемнің қалды үйі,
Ішінде ақ бесік,
Бөлеулі анамның әлдиі.
Бұралқы күй кештім бір сәтке белгісіз,
Шертілмей барады бір күйім.

Иесіз боз іңген күзгі жұрт,
Ботасы байлаулы.
Қалдырып құла түз қоңыр кеш
Ең соңғы жайлауды
Көш кетіп барады мекеннен мекенге
Көк бөрі қаруы сайлаулы.

Қалды онда қаңырап,
Бабамның мазары,
Шырқалмас құс әні
Естілмес даламның наз әні.
Еңсеңді қалайша түсірмес егілтіп,
Тарыдай шашылған қайранда қазағым
Төбемде түнеріп бұлт жылап барады,
Көгімде күн ауып, Естіртіп азалы үн.
*** *** ***
Күн туды мен үшін сен үшін қайтадан,
Таңы атты тәуелсіз даламның.
Еседі алдымнан ерке Ертіс
толқыны, Сарыарқа самалың.
Қол бұлғап өзіне киелі,
Алынбас нар қазаққамалың.

Бұл менің мекенім
Абылай ақырған жауына,
Кеш енді кешігіп келемін,
көңілім назалы.
Еш енді жатсынба
Даланың тағысы деп мені,
Көш енді, көш тағы
Бар қазақ күтіп тұр көктемі.

Бар қазақ күтіп тұр көктемі,
Желбіреп көк туың.
Нар қазақ намысың жігерлі,
Қалды азап. Мұнарлы өтті күн.
Төбеңнен бұлт төніп, шашсада қаһарын,
Өшкен жоқ. Өшпейді от тілім.
Өйткені Бұқардың жыры бар,
Өшпейтін бұл жерде текті үн.

Көш келді төсіне Сарыарқа даласы,
Самайы салқын су, кең жайлау сағасы.
Ақ орда, ақ мекен, арманы жоқ сірә,
Сенде өскен әр қазақ баласы.

Керегең жайылды кең дала төсінде,
Көтеріп шаңырақ көк аспан көгінде.
Сәбилер күледі әр үйдің төрінде,
Мал толды бетеге беліңде.
Махамбет бабамның арманы осы еді,
Тәңірден тілеген тегінде…
Ауылым
Өмірдің көріп жеңіліменен ауырын,
Кеудемен тосып көтерген құмды дауылын.
Қарагер аттың бүйірін тепкен қара шал,
Қасқа құлынның ноқтасын ескен бауырым.
Қалай деп менің өскен ордамды сұрасаң,
Осылай еді ауылым…

Асауды мініп алқымын тартып ойнатқан,
Тұманды түнде тұғырға түнеп қой баққан.
Көтеріп мосы тұтатып тезек түтінін,
Киізді үйдің түндігін түріп жайнатқан.
Қазақтың иісі аңқыған мекен әмәнда
Осындай жерде тойлатқам…

Қараша үйлер қара тау жақта қалқайған,
Қара шалымен ақ кемпір төрде жантайған.
Қай жақтан асып, келгенін қалай сұрасаң,
Бір ғасыр бұрын көшкенін айтат Алтайдан.
Далада өсіп, атанған таудың тағысы,
Олар да бүгін қартайған…

Жыр жазып түнде кірпікке әппақ шық тұрып,
Бей күнә түннің пәктігін солай ұқтырып.
Бәрі де есте тынымсыз күлген тұнық кеш,
Тұп-тұнық әуен тұп-тұнық сәуле тұп-тұнық.
Қаланың бүгін құрсауына ілніп барамыз,
Бостандықтағы тұтқыны…
Деміңді іштей күпті ғып…

                                                                                                            Аяулым,
                                                                                                            Жатыр молаң жотасындай қоянның,
                                                                                                            Құлпы тастың құны маған бес тиын,
                                                                                                            Бірақ таспен қалай жаншып қоярмын?

(Мұқағали Мақатаев)

Қабірден хат

Келіп тұрсың сен мұңайып қабірімнің басына
Дұға етіп, тілек тіле, мен кетті деп жасыма.
Тірі адамнан сұрарымда сол менің,
Керегі жоқ мұнараңның, мәрмәр құлпы тасыңда.

Баса көрме көк темірмен жаңбыр шайып гүл өссін,
Әр гүлінен бүршік жарып, торғайларға үлессін.
Көрген жанға осы жерден анық мазар байқалып,
Жақыны үшін жаратқаннан мол шапағат тілессін.

Төмпешіктен торғай ұшып кептер қонсын басыма,
Менен қалған қарызды өте, келмейді деп жасыма.
Менен қалған дүниені ғаріптерге үлестір,
Саған да ол мәңгі емес, жайғасарсың қасыма.

Қажеті не маған үйдің шын ойланып қарағын,
Керегі не өлік үшін зәулім үйдің қаланың.
Мыстан емес, қыштан емес, табиғаттан нәр алдың,
Адам болып ең бірінші топырақтан жаралдың.

Тірі адамдар панасыздық тартса бәлкім сол қайғы,
Азап шегіп, азаматтық намысын да қорлайды.
Есігі жоқ, терезе жоқ, бір қараңы үйге ендім,
Жер бетінде маған үйдің керегі енді болмайды.

Сөз керек
Күздің бұлты төгіп тұрды көз жасын,
Жанарыңның жарық нұры солмасын
Кеше ғана күліп тұрып, жыладың,
Сезе алмадым, мен себебін, ол да сын.

Ал,біз үшін мұңайып тұр күзгі түн,
Кетіп едік ең соңғы рет үздігіп.
Біздің бақыт құшағында өзгенің
Енді өзгені қиялдайық біз бүгін.

Қысқы бұлттар сыйлап тұрды әппағын,
Ал, сен оны аяусызда таптадың.
Қол ұстасып серуендеу енді арман,
Бізге таныс болсадағы бақтағы үн.

Көктем келіп қауыштырған құс әнін,
Мен де бүгін өзге қиял құшамын.
Ең соңғы рет қыраттарда қыдырып,
Гүлге толы оралып ед құшағың.

Я солай, өмір мәні өзгерек,
Мына күйдің боларын біз сезбеп ек.
Алыс кету азап емес, алайда,
Жанымызды жұбататын сөз керек.

Қыз ғұмыр
Қосамыз әнімізге тамсанамыз,
Сүйемін деп бір сәтте жар саламыз.
Жұма күні ауылға шығарып сап,
Жексенбіде қалада қарсы аламыз.

Ол да сені алдайды күлімдейді,
Ойыны ма шыны ма білінбейді.
байқалады жүзінен бір ұяңдық.
Өзіңді аңсап тым асық жүгірмейді.

Күлкісіне бір сәттік жұбанамыз,
Гүл аламыз, кездессек қуанамыз.
Сол үшін деп кешігіп парамыздан,
Тек сол үшін ертерек сұранамыз.

Осылай өтер кетер қыз ғұмыры,
Білмеппіз-ау білмеппіз бізде мұны,
Сәл кешіксең сарғайып кете берер,
Қыздың жаны секілді күз ғұмыры.

Арулар серттен неге құлағандар,
Деп жүрсекте «біз үшін бір адам бар».
Жазғы үзіліс. Кетеді өзге жанмен,
Ол жайлы бізден енді сұрамаңдар!

Хат жазып отырмын

Хат жазып отырмын.
Түн қалғып. Тұманды ой,
Байырғы бақытты еске алып.
Санамда қалыпты сонау күз,
Сағына сырласар кеш барып.

Басқаның бақытын жырлайсың,
Өзгенің хаттарын ескеріп.
Мен жазған хаттарым жасуапсыз,
Тек қана әріптер мәңгілік естелік.

Хат жаздым тағыда сағыныш,
Ақпанның аязын жібітіп,
Ойларым бір саған бағыныш,
Қаламды жылатып күні түн.

Тіркестер талықсып келеді. Ой,
Меңіреу үстелде түн іші,
Сендағы хат жазып отырсын
Бірақ ол кім үшін?…

Ең соңғы хатымды жолдадым,
Бір саған мәңгі арнап.
Сенде ең соңғысын жазыпсын,
Өзге бір жанға арнап…

Жаратылыс
Жалығар бірде күн жетер
Сауықты сайран базардан,
Өлімнен қашқан Қорқытта
Құтылған емес ажалдан.

Заңды ғой бір күн өтуің,
Жетерме соған төзімің.
Тұмарың емес турасы,
Құранның сөзі өмірің.

Күтіп тұр алда көлігің
Отырмау оған мүммкінбе
Жетпедім тағы арманға
Көңілде толы мұн сірне

Қылдан да нәзік жанын бар
Қиналмай қалу мүмкін бе
Күнәсі көптің шаттығы,
Көбейер тағы күлкіңде

Бұлыңғыр көңіл бұлтты күн
Бұлдырап барат сағымдар,
Ақыннаң жыры арқылы
Алланы еске алыңдар.

Қайғысыз қамсыз қырандар,
Қыран да бір күн құлау бар,
Қанша рет күлдің өмірде,
Бір рет енді жылаңдар,

Құпия тағдыр қу өмір,
Жаралған жаңа тыныссың,
Алланың шексіздігімен
Сен де бір жаратылыссың.
Мен де бір жаратылыспын.

______________ Ұқсас мақалалар ______________

Сайтымыздағы жаңа мақалаларға жазылыңыз

Тілеуберді Сахабаның өлеңдерінен… мақаласына 12 пікір

  1. Бекен Қайратұлы Жауап беру

    23 Маусым, 2012 | 00:16

    Міне бұл нағыз ақын

  2. Сонгобай Бейбит Жауап беру

    1 Шілде, 2012 | 19:56

    өлендері жаксы көнлге ойсалады қаламы ұштала берсін.

  3. Айбек Жауап беру

    17 Тамыз, 2012 | 00:44

    Тірі адамдар панасыздық тартса бәлкім сол қайғы,
    Азап шегіп, азаматтық намысын да қорлайды.
    Есігі жоқ, терезе жоқ, бір қараңы үйге ендім,
    Жер бетінде маған үйдің керегі енді болмайды.

    иә, бұл өмірде панасыз бол, мейлі сарайда тұр ақырғы мәңгі тұрағымыз сонда.

  4. magjan hkyzatuli Жауап беру

    2 Қазан, 2012 | 14:29

    ya sız omırdın tek shındıgın jazıpsız. ya adamnın omırı koktemmen kvz arasınday gana goy…. sızge razımın. agay halamınız ushti bolsım

  5. Тілеуберді Жауап беру

    10 Қаңтар, 2013 | 16:15

    Пікіріңе рахмет. мен Қазақстанда тұрамын

  6. моншак лапан Жауап беру

    13 Қаңтар, 2013 | 01:47

    журекке ой салатын керемет олендер

  7. моншак лапан Жауап беру

    13 Қаңтар, 2013 | 02:02

    тилеуберди сизге шыгармашылык табыстар тилеймин денсаулыгыныз мыкты каламыныз ушты болып жулдызыныз жанып биктиiн шынынан корининиз.

  8. Жеткенбай Ерболат Жауап беру

    5 Ақпан, 2013 | 18:09

    Өте мағаналы, адамдарға ой салатын тубірлі жазылған өлеңдер екен! Тілеуберді аға сізге табыс тілеймін!

  9. baibolat manarbek Жауап беру

    18 Ақпан, 2013 | 21:46

    maganasi mandi, tagilimi mangi
    nagiz olen dgn,adamdai goi jandi
    rakhmet agatai orindalipti tugel
    uli abai atamizdan halgan jargi.

  10. samalhan gulbanu Жауап беру

    27 Ақпан, 2013 | 11:57

    keremet olender.siz magan jien aga bolasiz goi.men nagahi aganzdn hizimn.tabis tileimn

  11. Шерияздан Жауап беру

    22 Мамыр, 2013 | 18:03

    Сөздері өте мәйекті, нағыз ақын бала.

Пікір жазу

Сіздің e-mail басқаларға көрінбейді. * таңбасымен белгіленген орындарды міндетті түрде дұрыс толтырыңыз


− 2 = 5